Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Көшбасында "Шымқала"командасы
1 мин чтения
Жуырда «Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалында елу жыл еңбек еткен ардагер Балтасапар Ибрагимовтың 70 жасқа толуына орай, кіші футболдан облыс бойынша ардагерлер арасында турнир өтті.
«Қайтпас» мөлтек ауданындағы жаңа салынған жабық стадиондағы іс-шараға бөлімшедегі басшылар, қалалық әкімдіктің қызметкерлері, дос-жарандары қатысып той иесін құттықтады.
Соңғы 15 жыл бойы кәсіподақ комитетін басқарған Балтасапар Қаһарұлы ардагерлердің мерейтойын атаусыз қалдырмайтын. Енді өзі де сол қатарға қосылып, жетпіс жасын атап өтуде. Он тоғыз жасында Арыс локомотив пайдалану депосында слесарь болып еңбек жолын бастаған ол машинист көмекшісі, аға шебер міндетін атқарып, 1977 жылдан бастап кәсіподақ жұмысына араласа бастайды. Арасында 1980-1986 жылдары Шымкент жол бөлімшесінде материалдық-техникалық қамту бөлімін басқарып, кейіннен кәсіподаққа қайта оралған. Болат жолмен сабақтасқан жарты ғасырда еңбегі еленіп, «Құрметті теміржолшы», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталыпты. Енді мерейтойын тойлауы арқылы жастарды спортқа қызықтырып, кейінгілерге үлгі болуда. Бұл жолы Мақтаарал, Ордабасы, Шардара сынды облыстың барлық аудандарынан жасы елуден асқан әуесқой футболшылар 11 команда бойынша ойын көрсетті. Қорытындысында «Шымқала» деген топпан қалалық ардагерлер бірінші орын алса, түлкібастықтар екінші, Сарыағаштан келген «Келес» командасы үшіншіні қанағат тұтты.