Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Түркістан
Әріптеске құрмет
2 мин чтения
Түркістандық теміржолшылардың бәріне таныс екі ардагер болса, соның бірі – Раиса Корнеевна. Көне шаһардағы теміржолшы әйелдердің алғашқысы болып «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін таққан жан.
Қырық жыл Түркістан тораптық станциясындағы материалдық қамтамасыз ету бөлімінде еңбек еткен. Яғни, Түркістан – Арыс теліміндегі барлық бекет жұмысшыларын ішер ас, киер киіммен, тағы басқа керек-жарақпен жабдықтау бөлімін 19 жыл басқарған. 11 наурызда 80 жылдығын атап өткен қарт ананың 86 жасар жары Таһир Нұғманов 43 жыл Түркістан локомотив пайдалану депосында машинист болып еңбек етіпті. Екеуінің отасқанына 60 жыл толыпты.
«Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалының ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев пен ардагер Амангүл Байтасқызы, кәсіподақ комитетінің төрайымы Тоқтар Бекова бастаған топ ардагерді құттықтауға анрайы Шымкенттен Түркістанға барды. Ардагерлерді депо мен станция басшылары күтіп алып, депо мен ондағы мұражайды аралатты. Осыдан кейін бәрі мерейтой иесі жайған дастарханның төрінде отырып, тілектерін білдіріп, сый-сыяпаттарын жасады.
Сексен жылдығында көпшіліктің алдында тұрып, қазақ ұлтына бас иіп, алғысын айтқан мерейтой иесі көне шаһарға 17 жасында келіп, осы жерде адам болып қалыптасқанын, тағдырына ризашылығын білдірді. Қазан қаласында туылған татар қызының шын есімі – Шәкірова Хамдия Зұлқарнақызы. Әкесінің тегі қысқарып, орысшаланып елдің есінде сол атпен аталып кеткен.
Қарттыққа бой алдырмаған жан бүгінде Түркістандағы теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрайымы міндетін атқарады. Одан бөлек Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің, ардагерлер алқасының мүшесі. Белсенді қарияға қала әкімі де құттықтау хатын жолдап, сыйлығын жіберіпті. «Ұзақ жасаудың сыры – тынымсыз тірлікте, адам үнемі қозғалыста болуы керек», – дейді мерейтой иесі белсенді өмірінің сырымен бөлісіп.