Қуаныш Қожаев, Семей
Көктем келіп, қар көбесі сөгілді...
2 мин чтения
Көктем лебі сезілгенімен семейлік теміржолшылар үшін қармен күрес маусымы енді ғана аяқталды. Биыл қар жылдағы нормадан 30-60 пайызға көп түскендіктен, қар тазалау ісі де біршама созылып, қазіргі күні ғана желі бойының маңызды аумақтары қалың қардан аршылып болды.
Алайда бүгінгі таңда тағы бір қауырт әрі аса жауапты маусым – көктемгі қызылсумен күрес кезеңі басталды. Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасынан «аймақтағы су басу қатері аса төніп тұрған аумақта 97 км темір жол желісі, 26 км республикалық маңызы бар жол, 144 км жергілікті жолдар қызыл су астында қалуы ықтимал» деген суыт хабар келіп түсісімен әсіресе жолшылар қауымы дереу «атқа қонуға» даярлықтарын арттырды. Апта басында ПЧ-39, ПЧ-40 және Аягөздегі ПЧ-42 мекемелерінің басшылары желі бойына шығып, қауіпті саналған аумақтардағы ахуалды бақылап қайтты.
–Қазіргі күні перегондардағы қалың қардың көбесі сөгілген. Еріген қар су жиналуы мүмкін деген аумақтарды түгел қадағалап шықтық. Әзірге алаңдаушылық жоқ. Теміржол өтпелері мен көпірлердің барлығы дер кезінде қардан аршылғандықтан тосын қауіптің беті ары. Ал су тасқынының алдын алуға 100 пайыз дайынбыз. Қажетті техникалар уақытында жеткізілді. Арнайы пойыз жасақталған. Сусорғы құрылғылар мен цистерналарды да алдырдық. Ахуал қатаң бақылауда, – дейді Семей жол дистанциясының басшысы Рахат Ботаспаев.
Ауа райын болжаушылардың пікірі бойынша биыл Семей өңірінде су тасқынының үш толқыны күтілуде. Бірінші толқын және ең қауіптісі – наурыздың екінші онкүндігінен сәуірдің екінші онкүндігіне дейін болуы ықтимал екен.