Өткен сәрсенбіде «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығына Татарстаннан арнайы делегация өкілдері келді. Татарстанның Менделеев муниципалды ауданының басшысы Валерий Чершинцев бастаған делегация өкілдері шекара маңында жүзеге асып жатқан жобалар жоспарымен танысты. Орталық президенті Қаһарман Жазин қонақтарды құрылыстың бас жоспарымен таныстырып,  мұнда халықаралық орталықтан бөлек «Жетіген – Қорғас» темір жолы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы көптеген шетелді компаниялардың инвестиция салуға деген қызығушылығын тудырып отырғанын жеткізді.   Биыл мұнда бес инвестициялық нысан пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, бас алаңның, қолөнершілер қалашығының, бизнес-орталықтың, көп функционалды ғимарат пен сауда орталығының құрылысы аяқталуға таяу. Орталықтың құрылыс жұмысы келер жылы толық бітеді. «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы – сауда-саттықты дамытуға, экономиканы нығайтуға бағытталған үлкен мүмкіндік. Бұл жерде Қазақстан мен Қытай елінен, сонымен бірге, үшінші мемлекеттен келген азаматтар өзара әріптестік орната алады. Олар өз кәсіпорындарының өнімдерін бір-біріне таныстырып, тәжірибе алмасады. «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын аралап, инвестициялық нысандардың инфрақұрылымымен танысты. Ресейлік кәсіпкерлер «Қорғас» ХШЫО-да Татарстанның сауда өкілдігін ашу жолымен  Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағдарды пайдаланып,  Қытайға тауар өткізуге мүдделілік танытты. Олар үшін Орталыққа кірген тауарлары кедендік декларацияға жатпайтыны  да қосымша артықшылық  болып отыр.  Татарстаннан келген кәсіпкерлер  сондай-ақ, «Алтынкөл» теміржол бекетінің, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмыстарымен де танысты.

 Даниал ХАМИТ