Жансая Шыңғысханқызы
«Көктемгі шуақ» аясындағы көмек
1 мин чтения
Наурыз мейрамы қарсаңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ ғимаратында «Әлеуметтік жобалар қоры» «Көктемгі шуақ» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
«Қазақстан темір жолы» компаниясындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаев көп балалы және жағдайы төмен теміржолшылар отбасын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, азық-түлік салынған себеттер сыйға тартты.
–Біздің қор жыл сайынғы дәстүрлі игі ісін жалғастыра бермек. ҚТЖ компаниясы қарамағындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолұшын созып, көмек көрсетіп келеді. Көктемнің шуақты күндерінде бұл әріптестеріміздің де көңілі көтеріліп, мерекені сезінсін деген ниетте осы шараны ұйымдастырдық, – деп ой бөлісті Ербол Ермұханұлы.
Мұндай қайырымдылық шараның шарапаты көлденеңнен келген кесапаттан үйі өртеніп, баласынан айырылған Вагон депосының вагон қабылдаушысы Әділхан Махановқа да тиді. Қамкөңіл теміржолшы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қолдау білдірген компания мен «Әлеуметтік жобалар қорының» қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Әлеуметтік жобалар қоры» бұған дейін де біршама игі бастамаларды іске асырып келеді. ҚТЖ ғимаратында орналастырылған арнайы қайырымдылық жәшіктерінен жиналған қаражат ата-ананың қамқорынсыз қалған балалар мен ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндердің еміне беріледі.