«Қызылорда-Жүк тасымалы» бөлімшесінің мәжіліс залында теміржолшылардың  қатысуымен «ЕХРО-ға ұсынамыз» жобасы аясында кездесу өтті. «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалының ұйымдастырумен өткен кездесуге «Астана ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізудің шарттары мен тетіктері туралы толық ақпарат және кеңестер беру үшін Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасынан Әнуарбек Дармағанбетов пен ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі бойынша ақпараттық ресурстық орталықтан Айдана Әбілда шақырылды. Алдын ала болжам бойынша «ЕХРО-ға Сыр елінен 75 мың адам барады деп жоспарланса, оның 50 мыңы теміржол көлігімен  бару үшін қосымша вагондардың бөлінетіні туралы ақпараттандырылды. Сондай-ақ, көпшілік көрмеге тегін және 50% жеңілдікпен кімдер қатыса алатындары, билеттердің бірнеше түрі сатылатыны және қайдан сатып алуға болатыны, ЕХРО көрмесіне қатысатын қонақтар мен туристер ЕХРО көрмесін ғана емес, Қызылорда территориясында орналасқан Қорқыт Ата мемориалдық кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағын көруге мүмкіндік алатыны жайлы сөз қозғалып, үлестірмелі материалдар таратты.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда