Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Жүзағаштан басталды
2 мин чтения
Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша биылғы көктемгі комиссиялық байқау жұмыстары ерте қолға алынды. 3 сәуір күні маусымдық шара әуелгі кезекте Ақтоғай – Аягөз телімінің 1108 шақырымында орын тепкен Жүзағаш станциясынан басталды.
Ағымдағы көктемгі байқау барысында, пойыз қозғалысы бойынша аса күрделі участоктардағы атқарылып жатқан жұмыстар, ондағы сала қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі де сынға түсуде.
Сондай-ақ, станциялардағы шаруашылық жұмыстары, су тасқынына даярлық шаралары да салмақталмақ. Мұнымен қатар, биылғы жаздағы жүргізілетін жұмыстар қатары осы тексеру нәтижесінде анықталып, жоспарға енгізіледі.
Ал осыдан кейінгі көктемгі байқау шаралары Семей – Локоть, Жаңасемей – Дегелең бағыттары бойынша жүргізілмек. Тек соңынан ғана тораптық Жаңасемей, Семей станциялары толыққанды тексеруден өтетін болады. Жалпы, осыдан біраз бұрын аталмыш станциялар бойынша техникалық қадағалау шаралары жүргізілген-ді. Әйтсе де, осы жолғы байқауда айрықша басымдық берілмек.
Науқандық сынақ осы айдың 15-не дейін жалғасып, екі аптаға созылмақ. Бұл осыған дейінгі комиссиялық байқаулардан ұзағырақ мерзім. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені, бөлімше басшылығы мен теміржол шаруашылықтары ревизорлары түйіспе жолдар, кірме жолдар мен тұйық желілерді де толық сүзгіден өткізбек. Әсіресе, «өнеркәсіптік аймаққа» қарасты жолдар бойы қатаң тексеріледі.
Шаруашылықтар бойынша ревизорлар жан-жақты сүзгіден өткізген соң ғана арнайы қорытынды жасайтын болады. Ал, көктемгі байқаудың нәтижесі мамыр айының орта шеніне дейін толық анықталып, тиісті шаралар қабылданады.