Сұлугүл БАКЕСОВА
Дуальдық оқудың тиімділігі
2 мин чтения
Темір жол саласына бағытталған мамандарды дайындау сапасын жақсарту мақсатында, осыдан бес жыл бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да дуальдық білім беру жүйесі енгізілген болатын. Қазірде белсенділігін жоймаған бұл жүйенің тиімділігі өз жемісін беруде.
Сонымен, «ҚТЖ» ұлттық компаниясында дуальдық білім беру жүйесі жүзеге асырала бастаған уақыттан бері көлік колледждерінің шамамен 460 студенті ҚТЖ-ның филиалы болып табылатын «Темір жол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы» енгізген дуальдық білім беру жүйесі бойынша білімдерін жетілдіріп, 230-дан астамы Компания филиалдарына жұмысқа тұрды.
Бүгінгі таңда дуальдық білім беру жүйесінің тәжірибелік формасын жүзеге асыру шеңберінде М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясының филиалы болып табылатын Ақмола колледжінде «Темір жол көлігі жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша колледж студенттерінің бір тобы оқудан өтуде.
–Бұл мамандық студенттерін оқытудағы бір ерекшелік, олар практикалық дайындықты бағдарламаға сәйкес бірнеше кәсіпорындарда өтеді. Нақтырақ айтсақ, екінші курстан бастап студенттер Астана локомотив депосының, Астана локомотив жөндеу депосының, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Темір жол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының» мамандандырылған арнайы кабинеттерінде оқып, үйренетін болады. Сабақты тәжірибелі машинист-нұсқаушылар, өндірістік оқыту шеберлері және колледждің оқытушылары жүргізеді, – дейді Темір жол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының директоры Марал Марасилов.
Студенттерге Қазақстанда шығарылатын теміржол көліктерімен егжей-тегжейлі танысуға жан-жақты жағдай жасалған. Олар қолданыстағы жаңа KZ, «Evolution», сериясындағы локомотивтердің, Тұлпар-Тальго жолаушылар вагондарының құрылымымен және жөндеу техникасымен толығырақ танысып, жылжымалы құрамдарға қызмет көрсетудің заманауи тәсілдерін игеріп, меңгеруде.
«Өндірісте жүргізілген сабақ студенттердің білім деңгейін арттырып, олардың болашақ мамандығына деген қызығушылығын ұлғайтып, сүйіспеншілігін тереңдетеді. Оны біз жасаған талдау да айқындай түсуде. Яғни, тәжірибелік топтағы білім сапасы, өздерімен қатарлас осы мамандықты игеріп жатқан өзге топқа қарағанда жоғары екенін көрсетті, демек, бұл деген сөз, дуальдық білім беру жүйесінің артықшылығы көп», – деп түйіндейді сөзін Марал Серікұлы.
Биыл да оқуды бітірген колледж түлектері, бос орындар болып жатса, Компания кәсіпорындарына жұмысқа орналасады деп күтілуде.