Елбасымыз биылғы Жолдауында Қазақстанның көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет екенін баса айтқан болатын.
Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз етіп, көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару керетігі айтылды.
Міне, осы Жолдаудағы міндеттер мен тапсырмалардың ізімен елімізде жалғыз Ақтау портының қатарына, одан тасымалдық қызметі кем емес, су көлігіндегі әлеуетімізді арттырар Құрық порты да қосылып отыр. Порттағы паромды кешен Транскаспий халықаралық дәлізі көлік-логистикалық жүйесінің маңызды буыны болып табылады. Бүгінгі күнде жүкті жөнелтіп, қабылдауда барлық мүмкіндіктерін барынша пайдаланып отырған «Ақтау» портының қазіргі транзиттік тауар ағынын игеруде күші жеткіліксіз. Сол себептен, Құрық портының салынуы еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттыра түседі. Кешенді «Құрық» паромдық порты Қытай мен Еуропа арасында жасалып жатқан жаңа транзиттік дәліздің маңызды орталығының бірі болады.
Үндеу аясында жүзеге асырылып жатқан игі істер теміржолшыларға зор жауапкершілік жүктейді. Жолдау жүктеген өзге де міндеттер аясында Қазақстанның бас транзит қақпасына айналғалы отырған түбек халқы елмен бірге еңбектене бермек.
Табылды Әміров
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты,
Құрметті теміржолшы.