Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Ерекше байқау жарияланды
2 мин чтения
Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша қызметтік сала бойынша мән-мағынасы ерекше байқау жарияланды. Кәсіби біліктілікті шыңдау, техникалық дәрістер сапасын жақсарту мақсатында, арнайы ұйымдастырылған конкурс аясында бөлімшенің үздік теміржолшылары анықталмақ.
Байқауға бірінші кезекте пойыз құрастырушылары, станция кезекшілері, машинистер мен вагон қараушылар қатысады. Қазіргі күні күшіне енген байқау талаптарына байланысты жұмыстар басталып кетті. Бүгінгі таңда Аягөз, Шар, Дегелең, Жаңасемей станциялары бойынша байқау талаптары мен тиісті нұсқаулықтар жіберілген. Мақсат, өз ісінің шеберін анықтау болып отыр.
Ал, байқаудың келесі аталымы «Үздік техникалық дәрісхана» деп аталады. Оның аясында барлық станциялар мен локомотив және вагон шаруашылықтары бойынша техникалық кабинеттер сынға түседі. Бұл шарадан желі бойындағы, шалғайда орын тепкен Жаңғызтөбе, Суықбұлақ, Жарма сынды станциялардың қалыс қалмауы міндеттелген.
Сонымен қатар, сала қызметкерлерінің кәсібилігі мен қызметтік тәжірибесінен хабар беретін «Үздік бейнефильм» аталымы бойынша бейнероликтер сарапқа түседі. Келіп түскен материалдар арнайы құрылған комиссияның қарауынан өтеді.
–Бұл байқауды ұйымдастыру арқылы техникалық-нормативтік құжаттамалар тиімділігін арттыру, теміржолшылар біліктілігін шыңдау, корпоративтік әрекеттестікті дамыту, жалпы айтқанда, сала қызметкерлерінің өз жұмыстарына құштарлығын, өмірлік ұстанымдарын нығайтуды көздедік. Қазіргі күні арнайы комиссия құрылып, әділ қазылар алқасы бекітілген, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Гүлнар Төлеуханова.
Бүгінде байқауға қатысуға ниет білдірген теміржолшылар даярлықтарын бастап кетті. Әр аталым бойынша анықталған байқау жеңімпаздарын кәсіподақ комитетінің демеушілігімен әзірленген қомақты сыйлықтар күтіп тұр.