Өткен сенбі күні Семей ЖТ теміржолшылары бір кісідей сенбілікке шықты. Жалпы, қала бойынша санитарлық тазалық және көгалдандару шараларын жүргізуге арналған экологиялық екіайлық басталған болатын. Тазалық жұмыстары тек теміржол мекемелері аумағында ғана емес, қала ішін көктей  өтетін желі бойында да жүргізілді. Сала қызметкерлері Семей және Жаңасемей станциялары бойынша желі бойындағы тұрмыстық қалдықтар мен қураған бұталарды шамалы сағаттар ішінде толық тазартып шықты. Шаһар ішіндегі желі бойы көктем мезгілінде жеке тұрғын үй секторларынан шығатын күл-қоқысқа толып қалады. Кішігірім күлтөкпелерді, қоқыс үйінділерін тазартуға біршама күш қажет болды. Бұл ретте қалалық әкімдік бөлген арнайы техникалар да қызмет көрсетті.  Орталықтағы теміржол көпірінен бастап, Қабанбай-2 жол өткеліне дейінгі аралықта Семей жол дистанциясының қызметкерлері сенбілік жүргізді. Аталмыш күрделі аумақ ірі көтерме сауда базарлары, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер өткелдері көп болғандықтан ластану мөлшері жоғары. Аталмыш мәселе жөнінде Семей магистральдық желі бөлімшесінің кадр бөлімінің басшысы Қазбек Қаршығанов та дәл осындай пікір білдіруде.    – НЖС теміржолшылары өз телімімізде жыл сайын көктем мен күз мезгілінде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Ағымдағы жылы осынау шараны экологиялық айлықтың жариялануына орай барша қалалықтармен бірге бастадық. Айта кетерлігі, бізге бекітіліп берілген телім бойынша қоқыстан тазарту жұмыстарын ұдайы жүргізуге тура келуде. Тонналап қалдықтар шығарамыз, – дейді пікір бөліскен бөлім басшысы. Сенбілікке қатысқан, жол, вагон шаруашылығы қызметкерлері  мен локомотившілер қызу еңбекке араласып, тау болып үйілген қоқыстар қала шетіндегі полигонға жеткізілді. Жалпы, экологиялық айлық шаралар екі айға жоспарланған. Сонымен қатар, аталмыш айлық аясында көркейту, көгалдандыру ісі де көзделуде. Биыл да гүлзарлар егуге көңіл бөлінбек. Сондай-ақ, осынау тазалық айлығы аясында  бөлімшесінің бас ғимараты өзгеше көрікке енуде. Сүреңсіз әрі қураған тал-теректер жойылып, нысан қасбеті бұрын-соңды болмаған деңгейде әрленуде.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей