26 сәуірде Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Алтынкөл темір жол станциясында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның жедел қызмет жөніндегі вице-президентінің міндетін атқарушы Қайрат Сәуірбаевтың төрағалығымен отырыс өтті. Қытай мен Қазақстан арасындағы Алтынкөл-Қорғас темір жол шекара өткелі таяу күндері тәулік бойына қызмет ету режиміне көшуге дайын. Отырыс барысында екі елдің сарапшылары осындай келісімге келді. Қ. Сәуірбаев пен ҚХР бас кедендік басқармасының өткізу қосыны канцеляриясы бастығының орынбасары Бай Ши қатысқан жиын хаттамасында аталған шекара өткелінің тәулік бойына қызмет етуі «Нұрлы жол» және «Бір белдеу-бір жол» бағдарламаларын жүзеге асыруда аса маңызды екені жазылған. Тәуліктік режимге көшу қажеттіліктен туындаған. Алтынкөл арқылы биыл үш айдың ішінде және сәуір айының 25 күнінде Қытайдан 279 пойыз өтіпті. Ал былтыр 4 айда олардың саны 160 болған.