Қызылорда облысында жарияланған тазалық айлығы акциясына Сыр өңірі теміржолшылары  бір кісідей атсалысып, табиғаттың түлеуін тазалықпен әрлеуде.  Өткен апта соңында «Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесіне қарасты Қызылорда станциясында шоғырланған теміржол мекемелерінен екі жүзден аса теміржолшы сенбілікке шықты. Сондай-ақ дәл осы күні Ірілендірілген Қызылорда жол дистанциясы ауласындағы ескерткіш пен Қызылорда локомотив пайдалану депосындағы аспан асты мұражайындағы ҰОС ардагерлері мен қатысушыларына арналған ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды жаңарту, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке қатысушылар  ескерткіш пен мемориалдар айналасын  қоқыс пен шаң-тозаңнан тазартып жуып, қайта сырлап, жол жиектерін ақтап,  ағаштардың түбін қопсытып, артық бұтақтарын кесіп әрлеп, қысқасы төңіректі қайта абаттандырды. Одан басқа тазалық акциясы барысында теміржолшылар өз мекемелерінің аумақтарын қоқыс-қалдықтардан тазартып,  ғимараттардың іші-сырты, терезе, есіктерін жуды. Әрбір мекеме айтулы шараға жауапкершілікпен қарап, қала тазалығына бей-жай қарамайтындықтарын тағы бір дәлелдеді.

Сабырхан НӘДІРБАЙҰЛЫ, Қызылорда

Суреттерді түсірген Өмірбай Түменбай