Ерлан Ғазез, Семей
Ревизорлар күнін атап өтті
2 мин чтения
Семей жүк тасымалы бөлімшесі ревизор қызметі құрылуының 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы айтулы шараға байланысты өткен конференцияға бөлімшеге қарасты барлық мекемелердің, тораптардың басшылары қатысып, әріптестерін құттықтады.
Конференцияны Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің өкілі, Семей телімінің бас ревизоры Сайлау Юсупов ашып, ревизорлар институтының құрылу тарихына тоқталды.
– 1937 жылы Жол қатынастары халықтық комиссариатының «Қозғалыс қауіпсіздігі ЖҚХҚ ревизорлары туралы» №103-Ц бұйрығы негізінде құрылған қызмет «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының 2017 жылы сәуір айының 4-жұлдызында «Қозғалыс қауіпсіздігі ревизоры күнін» кәсіби мереке етіп 17-мамырды белгілеу жайлы қозғалыс қауіпсіздігі бойынша (ЦСЖТ) Комиссиясының 9-отырысының шешімін ресми түрде қолдады, – деген бас ревизор әріптестерін құттықтап, ревизорлық қызметтің құрылуына 80 жыл толған маңызды кезеңде оған жаңа міндет жүктеліп отырғанын жеткізді.
– Ревизорлық аппараттың алдында тұрған негізгі міндет – тұрақты бақылау пен сараптама негізінде тәуекелді болжау, қозғалыс қауіпсіздігінің менеджмент жүйесін құру, – деп атап өтті Сайлау Юсупов. Өңірдің бас ревизоры әріптестерінің алдында соңғы жылдардағы бөлімше бойынша қауіпсіздік қызметі жұмысының нәтижесі туралы баяндама жасап, қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылу көрсеткіші төмендегенін айтты.
Жиында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуына бірінші кезекте адам факторының ықпал етіп отырғаны, бұдан кейін техникалық құралдардың істен шығуы, сонымен қатар кәсіпорындардың техникалық құралдармен жарақтандырылу деңгейінің жеткіліксіздігі әсер ететіні айтылды. Сондай-ақ, теміржолшыларға сапалы техникалық оқулар ұйымдастыру, біліктілік талаптарын сақтау, жұмыскерлерді ынталандыру, сонымен қатар, нормативті базаны заңнамалар мен техпроцестер талаптарына сәйкестендіру және техникалық оқытуды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Ревизорлық қызметтің осынау 80 жылда өзін-өзі ақтап, темір жолдың қауіпсіздігі мен апатсыз жұмыс істеуіне баға жетпес еңбек сіңіргені айтылып, сала ардагерлеріне сый-сыяпат жасалды.