Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Дайындық жұмыстарын аяқтады
2 мин чтения
«Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуіне дайындық жұмыстарын тәмамдады.
Атқарылған жұмыстар барысы жайында Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Жандарбек Өтегенов мәлімдеді.
–Халықаралық көрменің өткізілу қарсаңында бекет-станциялар толық жөнделді деп айтуға болады. Негізгі күш қонақтардың көзіне бірінші көрінетін вокзал ғимараттарының сыртқы-ішкі көріністерінің талапқа сай болуы үшін ауысыммен жұмыс жасап, жөндеу жұмыстарын өткіздік. «Байқоңыр» кешенін орналасқан Төретам станциясындағы вокзал мен «Қорқыт ата кешеніне» жақын Жосалы және Қорқыт станцияларындағы теміржол вокзалдары жаңа түрге енді. Теміржол вокзалдарында ЭКСПО көрмесі жайында ақпараттар мен жарнамалық стендтер ілінді, – дейді көрмеге қатысты дайындық жұмыстары жайлы директордың орынбасары.
Сонымен қатар «Жолаушылар тасымалы» АҚ аймақтық филиалы қызметкерлері билет алған әрбір жолаушыға «ЭКСПО-2017» көрмесінің билеттерін алу жайлы ұсыныстар айтуда.
–Негізінен Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін сату жұмыстарын атқаруға бағытталған біздің ұжымның теміржолшылары қазіргі таңда билет кассалары арқылы 31 дисконтты картасын, 19 билет сатылды. Және де жергілікті еңбек ұжымдарынан көрме билетін алуға топтық тапсырыстар түсуде. ЭКСПО-2017 көрмесінің билеттерін сатып алған жағдайда жол жүру билеттеріне қандай жеңілдіктер берілетіні егжей-тегжейлі қазақша және орысша мәтінде әзірленген екі ваннер вокзал ғимаратының көрнекті жеріне ілінген, – деген «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның аймақтық филиалы басшысы Алмас Дәуітбаев көрме дайындығы жайлы жұмыстарды жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірге жүргізіп жатқанын жеткізді.