Қызылорда теміржолшылары бөлімшенің мәжіліс залында облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушысы Шәрбай Тобжановпен кездесу өткізді.

Бөлімшенің кадр бөлімі мамандары ұйымдастырған жиынға  салалық мекемелердің теміржолшылары түгел шақырылды. Басқосуға сондай-ақ «Сұлтан» мешітінің имамы Нұржан Әбжанов және ЖІІб жедел уәкілі Серік Шахановтар қатысты.  –Қазіргі таңда дәстүрлі Ислам дінін қаралаушылар көбейді. Дін атын жамылғандар қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, мемлекеттік органдардың, өзге мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында, бұрыс деп есептеген іс-әрекеті үшін кек алу пиғылымен жеке тұлғаларға, ұйымдарға қарсы жасалатын немесе жасаймын деп қорқыту әрекеті терроризм актісі болып саналады. Ал дәстүрлі Ислам дінінде бұл айтылғандардың ешқайсысына орын жоқ. Демек осындай әрекеттерді жасаушылар тек ислам атын жамылған қаскөйлер болып саналады, – деп дін жайлы мағлұматтар айтты мамандар. Мешіт имамы өз кезегінде вахабистер мен салафиттер секілді терроризммен миы уланған топтардың іс әрекеттерін сынға алды. ЖІІб жедел уәкілі Серік Шаханов болса терроризм жайлы жалған ақпарат тарату қылмыс әрі ол үшін арнайы жаза белгіленгенін және де осыдан сақтануға шақырды. Осы мақсатта теміржол вокзалы перрондарында, жолаушылар пойыздарында және жекелеген станцияларда рейд ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар арасында түсініктеме жұмыстарының қолға алынғанын жеткізді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда