Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Вокзалдар қайтарылды
2 мин чтения
Шымкентпен қатар Түлкібас, Манкент, Бадам, Арыс-1, Арыс-2, Сарыағаш, Түркістан, Шеңгелді, Темір вокзалдары штаттағы мамандарымен қоса екі айдан бері Шымкент магистральді желі бөлімшесінің қарамағына өтті.
Бұған дейін жетеуі «Вокзал-сервис» АҚ Оңтүстік аймағына қарап келсе, Сарыағаш бұрыннан «Шымкент бөлімшесі ЖТ» филиалында болған. Бадам мен Темір бекеттерінің бірін жол, екіншісін байланыс дистанциялары қамқорлықтарына алып келіпті.
Шымкент магистральді желі бөлімшесі бастығының вокзал шаруашылығы бойынша орынбасары Есімжан Байырбекұлы Шымкент сынды сыныптан тыс және бірінші санатты вокзалдарға жаңа концепция жасалғанын айтады. Жолаушыларға жақсы қызмет сапасын ұсыну үшін сервистік қызмет түрін жетілдірмек.
– Вокзал – қаланың айнасы болғандықтан, ондағы сауда нүктелері де шаһардың эстетикалық келбетіне сай болуы шарт. Сондықтан вокзал аумағы базар типтес дүңгіршектерден тазаруда. Бірақ, кәсіп иелеріне жаңадан бутик алып, алдымен соның эскизін сызып әкелуге мүмкіндік бердік. Барлығының сызбалары конкурсқа түсіп, ішінде эстетикалық келбеті ұнағандары ғана өтті.Түркістан мен күніне 300 жолаушы қатынайтын Түлкібаста мұндай талап болмаса да, ескі темір буткалардың орнына пластиктен жасалған дүңгіршіктер қойылады, – дейді Есімжан Заңқоев.
1 маусымнан бастап вокзалда әуежайдағыдай жолаушы мен жүгін толық тексеруден өткізетін құрылғы жұмыс істемек. Бүгінде вокзал дикторлары бұл жайлы үздіксіз хабарландыру айтуда. Тексеретін құрылғылармен жұмыс істеу үшін Әскерилендірілген темір жол күзетінен 59 маман алынып, штат санын толықтыруда. Келесі айдың басынан Астана, Алматыдан арнайы мамандар келіп жұмыс барысын үйретеді.