Жүк тиеп-түсіру жұмыстары жүргізілмесе де  күре жолдың бойында орналасқандықтан пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауда жауапкершілігі бірдей аралық бекеттің  бірі – Қарақоңыр. Бесінші  класты бекетте бүгінде үш теміржолшы ғана еңбек етеді. Станция бастығы Әділхан Ілесұлы Одақ кезінде Темір кеңшарына қажетті құрылыс және мал азығын Темір бекетімен қатар осы Қарақоңырға да түсірген дейді. Себебі, Арыс өзенін жағалай  қоныстанған бұл ауылдарда кезінде елтірісі бағалы қаракөл қой шаруашылығын өсіретін кеңшарлар болған. Тарих беттеріне үңілсек, 1960 жылдары Оңтүстік өңірде 25 кеңшар құрылып, 1 млн  қаракөл елтірісін дайындағаны айтылады.  Бекеттің іргесіндегі Шәмші ауылы да біркездері Қаракөл ауылы атануы сондықтан. Қазір мұнда қайнаған тірлік жоқ. Төрт жолға тоқтайтын   «Маңғышлақ – Алматы», «Түркістан – Шымкент» қала маңы пойыздарынан жолаушылар түсіп-мініп жатқаны болмаса, өзге пойыздар тоқтамай өте шығады. ­ – Байланысшы, жолшылармен бірлесіп, темір жолдың кем-кетігін түзеп тұрамыз. Бағдаршамдардың жабылып қалмауын, бұрмалардың қауіпсіздігін сақтап, түнгі жарығын қадағалап отырамыз. Аралық бекет болғанмен қауіпсіздік жүгі бізге де ортақ екенін естен шығармаймыз, – дейді үш теміржолшы еңбек ететін бекет бастығы Әділхан Жүсіп.  

Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Қарақоңыр