Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Кешен құрылысы қайта басталды
2 мин чтения
«Оңтүстік» көліктік-логистикалық аймағындағы «Continental Logistics – Шымкент» ЖШС-де құрылыс жұмысы бірақ үзілістен соң қайта қарқын алуда.
2015 жылы құрғақ және климатты екі үлкен қойма салынған-ды. Кейін қаржы тоқтаған соң құрылыс кідіріп қалды. Жыл басында «Қазақстанның Даму Банкі» қайта қаржыландырған соң, бұрынғы мердігер компаниялармен келісімшартқа отырып, жұмысты сәуір айында бастаған.
Әкімшілік ғимарат нысанының 80 пайыз жұмысы аяқталған. Енді шатырын жауып, қабырға панельдерін орнату қалыпты. Алдағы уақытта орталық кедендік құжаттандыру бөлімі осы ғимаратқа қоныстанатындықтан, ішкі бөлмелерінің жобасы әлі жасалынбаған. Бірер айда панель қабырғалары салынып бітеді. Құрғақ қойма құрылысы да 98 пайызға аяқталған. Өрт сөндіретін жабдықтар, ауа желдеткіш пен сыртқы есік қақпалары қойылып, керекті материалдары кіргізілген.
– Бір жерді екі қопармас үшін дәл қазір басты жұмыс – кәріз және инженерлік жылу жүйелеріне берілуде. Мұнан кейін теміржол төсемдері салынбақ. Климатты қойманың 85 пайызы аяқталуға жақын. Тоңазытқыш тұрған жерде еден құрғақ болу керек. Сондықтан, әр тоңазытқыш камерасына еденнің астына жылу беретін материалдар салынуда. Тоңазытқыш бөлмелеріне жылыту қабырғалары қойылады. Жұмысты 200-ге жуық маманы бар 7-8 құрылыс кәсіпорындары атқаруда.15 мың шаршы метрлік контейнерлік алаңның 80 пайызы аяқталған. Осы қарқынмен жүрсе құрылыс тамыз-қыркүйекте бітіп, жыл соңында пайдалануға беріледі, – дейді жоба жетекшісі Диас Ермекбаев.