Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Кестеден кешіктірмеуді тапсырды
1 мин чтения
«Эскпо – 2017» Халықаралық көрмесі кезінде пойыздар кестесінің кідіріссіз жүруіне дайындық ретінде «Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалында 5 сәуір мен 5 мамыр аралығында жолаушы пойыздарының кестеден кешіктірілмеуін қадағалау айлығы жүрді.
Осы аралықта бөлімше аумағынан 675 пойыз өтіпті. Оның ішінде 54 пойыз шекаралық Сарыағаш бағытынан болса, соның 46-сы кешігіп келген. Түркістан бағытынан 271 пойыз уақытында келсе, Түлкібастан шыққан 350 пойыздың 227-сі ғана кесте бойынша жеткен. Түлкібас, Түркістан, Сарыағаш, Арыс, Шымкент станцияларына аялдаған 482 жолаушылар пойызының ішінде 109 пойыз Шымкент бөлімшесінің аумағында 50 сағатқа кідіріпті. Телімде жүру жылдамдығының шектелуі немесе технологиялық толаскез себебінен бөлек, адам мен мал кесірі, т.т. оқиғалар салдарынан кестеден кешігу, кідірістер орын алған. Өзбек шекарашылары әдеттегіше өз алдарына Келесте тексеруінің салдарынан 42 жолаушылар пойызы 32 сағатқа кешіккен.
Жалпы айлық кезінде әр станцияда жолаушылар пойызының қаншалықты кестемен келуін қадағалау мақсатында 30 тексеру жүргізіліпті. Жоғарыдағыдай пойыздар кестесінің кешігуі бірқатар себептерден орын алатындықтан, бөлімше бастығы барлық тиісті сала мамандарына ескерту беріп, мейлінше пойыздарды кестеден кешіктірмеуді тапсырды.