Бекбол Құлдан, Ақтөбе
Үнем көзі... заманауи шамдар
2 мин чтения
Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясында жыл басынан бері электр энергиясы 77 пайызға үнемделіпті. Яғни, 1 миллион киловаттан астам электр қуаты немесе 19 миллион теңге үнемделіп отыр.
Мұның себебі неде дегенге келсек, мамандардың мәліметінше жол бойындағы ескі шамдарды энергия сақтайтын заманауи түріне алмастырғаннан кейін осындай көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр.
Өңірдегі электрмен жабдықтау дистанциясы 3,2 миллион кВт/сағ қуат тұтынуды жоспарлаған. Ұлттық компанияға қарасты кәсіпорындар 4,1 миллион кВт/сағ қуат тұтынамыз деп өтінім білдіргендерімен, іс жүзінде қажеттілік 176 мың кВт/сағ көрсеткішке асып кетті. Әсіресе, Ақтөбе сигнализация және байланыс дистанциясы, Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясы, Қандыағаш жол дистанциясы, Қандыағаш ШЧ мекемелері берген ұсыныстан артық қуат қолданған.
Айта кетейік, энергия үнемдеу шаралары Еуропалық даму және қайта құру банкі қаражатының есебінен жүзеге асып отыр.
Сонымен қатар, дистанцияда зиянды өндірістегі шығынның өтелуі де өзгелерге үлгі боларлық. Дистанцияда зиянды өндірісте 8 адам еңбек етеді. Жыл басынан бері оларға 200 литрден астам сүт берілген. 2017 жылға сүт жеткізу жөнінде «АзияСпецСнаб» ЖШС-пен келісімшартқа қол қойылыпты.
Сонымен бірге, электрмен жабдықтау дистанциясында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Заңнамадағы өзгерістерге байланысты жылдың басында төменгі жалақы мөлшері қайта есептеліп, регрестік төлемдер жүзеге асырылды. Мәселен, өндірістегі зияндылық үшін үшінші топтағы мүгедекке 100 мыңның үстінде өтем өтелді, екінші және үшінші топтағы тағы екі қызметкерге 200 және 300 мың теңге көлемінде ақы төленді.
Биылғы жыл дистанцияда өндірісте жарақат алу дерегі тіркелмеген. Еңбек қорғау жөніндегі шаралар 2017 жылға бекітілген кешенді бағдарламалар аясында қолға алынады. Осы жылдың алғашқы 4 айында 9 шара өткізілген.