Сұлугүл БАКЕСОВА
Жаңа терминалдан аттанды
2 мин чтения
Кеше елорда халықаралық әуежайының жаңа терминалы «Аэрофлот» авиакомпаниясының Мәскеу – Астана рейсімен келген бірінші жолаушыларын қарсы алды. Сондай-ақ, әуежай қызметкерлері Мәскеуге жаңа терминалдан ұшқан бірінші рейске қызмет көрсетті.
«Астана әуежайы жаңа терминалының ашылуын барлығы асыға күтті, енді халықаралық авиажелілердің жолаушыларын қарсы алып, шығарып салып отырмыз. Бүгін Ташкент (Өзбек авиажелілері) және Франкфурт (Lufthansa) қалаларына халықаралық ұшулар жоспарланып отыр. Астана әуежайының дамуы, елорданың әлем қалалары арасында басты байланыстырушы буын – Орталық Азия аймағының аймақтық хабы болуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның қысқа уақытта сәтті іске асырылуына команда барлық күш-жігерін салды» – деді Астана халықаралық әуежайы басқармасының төрағасы Паоло Ричиотти.
Оның айтуынша, бұл әуежай хаб принципі бойынша салынған. Бұл қағиданың маңызды факторы, ол транзиттік уақытты үнемдеу екен.
Біз кеден және шекаралық бақылау органының өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жүргіздік. Бәлкім, біздің атқарған жұмысымызды бағалау үшін әлі уақыт керек шығар. Мұнда 2020 жылғы Еуропа стандарттарының үдесінен шығатын багажды тексеріп өткізетін соңғы буынның біріктірілген жүйесі енгізілген. Бұл дегеніміз, қазір Қазақстан бүкіл Еуропаның алдында. Ұрлық-қарлықтан мықты қорғаныс бар, бейнекамералардың көптігінен әуежайда «өлі» аймақ жоқ деуге болады. Енді біз екі терминалдың арқасында күніне 12 рейске дейін қызмет көрсете аламыз. Сонымен қатар біз бүкіл әлемде қолданып отырған «Тыныш әуежай» қағидасына сүйеніп отырмыз, – деп түйіндеді сөзін Астана халықаралық әуежайы басқармасының төрағасы Паоло Ричиотти.
Мәскеу – Астана рейсімен келген бірінші жолаушылар қатарындағы мәскеулік Потап есімді жолаушы, Астанадағы жаңа терминалдың қызмет көрсету сапасына, құрылымына жоғары баға берді. «Мен бизнесіме қатысты Астанаға іссапармен жиі келемін. Бүгін жаңа терминал арқылы бірінші рет өтіп отырмын. Қызмет көрсету сапасы ұнады. Багажды да көп күтпедім. Жаңа терминал өте заманауи. Елорда мәртебесіне сай», – деді ол. Ал Берлинде тұратын Мәрлен және Динара есімді ерлі-зайыптылар Мәскеу арқылы ұшып келіп, Астанада осындай еуростандарттағы жаңа терминалдың бой көтергеніне шын қуанып жатқандарын білдірді. «Біз ата-анамызға қыдырып келе жатырмыз. ЭКСПО-2017 көрмесіне орай осындай заманауи нысандардың салынып жатқаны қуантады».
Еске сала кетсек, Астана халықаралық әуежайы жаңа терминалының ашылуы Мемлекет басшысының қатысуымен осы жылдың 31 мамырында өтті. Заманауи жолаушылар терминалының құрылысы 2014 жылғы қарашада басталып, биыл мамыр айында аяқталды. Жаңа терминал 47 000 шаршы метр аумақты алып жатыр, жылына 8,2 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ол кәсіпорынның бұрынғы қуатын 2,5 есеге арттырып отыр.