Шымкенттіктер «Самарқан – Астана » бағытымен жолға шыққан тұңғыш пойызды күтіп алып, сәт сапар тілеп шығарып салды.    Өзбекстан темір жолы шығарған №452 «Самарқан – Астана – Нұрлы жол» халықаралық жүрдек пойызы Сарыағаш вокзалында бір сағат, Шымкентте 20 минут аялдап, екі сатнцияда да жергілікті халық пойызды құшақ жая қарсы алып, думандатып шығарып салды.   Қос елге ортақ теміржол бағытын шығару туралы шешім осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі ел Президенттерінің Астанадағы, Сарыағаштағы басқосулары және Қ.Мамин бастаған үкіметтік жұмыс тобының Ташкентке баруының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Мұндай қадамнан кейін екі ел арасындағы өнеркәсіп, сауда-логистика, туризм және көлік қатынастары дами түспек. Осыған дейін «Алматы – Ташкент» пойызы шыққаны белгілі.  Міне, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Өзбекстанның ең көне шаһарларының бірі Самарқаннан Астанаға арнайы пойыз қатынай бастады. Ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайтын темір жол бағытында аталған пойыз жұмасына бір рет қатынамақ. Аптаның бесінші күні Шымкент арқылы Астанаға жол тартса, жексенбіде Шымкенттен Ташкент арқылы Самарқан бағытына жүретін болады. Астана мен Самарқан арасындағы жолды 38 сағатта жүріп өтетін пойызда жол жүру құны 28 мың теңге.

Бекәли АЛТЫН, Шымкент