Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Батыстан пойыз көбеймек
1 мин чтения
ЭКСПО көрмесі кезінде еліміздің батыс өңірінен Астана бағытына қарай тұрақты түрде 9 жұп жолаушылар пойызы қатынайды.
«СарыАрқаКомпани» тасымалдау компаниясына тиесілі №58/57 пойыз құрамы тақ күндері жолға шығады. Ал, №88/87 «Ақтөбе – Астана» аралығында жүйрік «Тұлпар-Тальго» вагондары жұп күндері қатынайды. Маңғыстау мен Астана арасын жұп күндері №37/38 пойыздары жалғайтын болса, атыраулықтар Елордаға №47/48 бағытындағы пойыздармен жұп күндері жолға шыға алады. №19/20 «Атырау – Астана» бағытындағы «Тұлпар-Тальго» пойызы да жұп күндері еліміздің бас қаласын бетке алады.
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінен хабарлағандай, №258/257 «Орал – Астана» бағытындағы пойыз 5 маусымнан 9 қыркүйекке дейін қатынайтын болады. Аталған пойыз құрамы Ақтөбеден 6 маусымда шығады. Соңғы рейс 10 қыркүйекте өтеді екен.
Маңғыстаудан да Астанаға №237/238 пойызы 6 маусымнан бастап қатынай бастады. Атырау мен Астана арасында №219/220 «Тұлпар-Тальго» пойыздары екі ортаға маусым-қыркүйек аралығы жол салатын болады.
ЭКСПО көрмесі уақытында Маңғыстау мен Астана арасында №227/228 «Тұлпар-Тальго» пойызы, сонымен бірге, қосымша №95/96 Орал – Астана бағытындағы пойыз да жолға шығады деп жоспарланып отыр.