Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы...
2 мин чтения
Ақтөбе жол дистанциясының ұжымы таяуда су тасқынынан зардап шеккен әріптестеріне үй тұрғызуға қол ұшын берді. Араға бір ай салып, дистанция жолшысы Ғалымжан Өмірзақов қоныс тойын тойлап отыр.
Ақтөбенің іргесінде бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің ішінде алғашқы болып құрылысы аяқталып жатқан үй осы Ғалымжандыкі. Отағасы әріптестерінің қомақты қаржылай көмек көрсеткеннен бөлек, арасында асарлатып үй салуға да атсалысқандарын жеткізді. Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккендерге теміржол мекемелері бір күндік жалақыларын аударған болатын.
Өткен демалыс күні Ақтөбенің маңындағы Қурайлы ауылына облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ат басын бұрды. Құтты қонақ ретінде теміржолшы отбасы облыс әкімін қонаққа шақырыпты. Әкім жаңа баспанаға кірген теміржолшының шаңырағына бас сұғып, отбасыға құтты болсын айтты.
-Үй құрылысына билік тарапынан жер телімі берілді. Құжаттарын да сол күні қолымызға ұстатты. Қажетті материалдар жеткізіп берді. Сонымен бірге, 1 мллион теңге көлемінде көмек берді. Құдайға шүкір, халық болып көмектесті, алғыстан басқа айтарым жоқ, - дейді Ғалымжан Өмірзақов.
Су тасқыны болған күндері отбасы мектепті паналаған. Одан пәтер жағалапты. Бүгінге дейін ағайындарының үйінде тұрып келген. Бұрынғы Махамбет ауылындағы үйлері су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз болып қалған.
-Үйде ата-енем, үш қызымыз, баріміз бірге тұрамыз. Үйді орташа етіп салдық. 3 жатын бөлме, бір қонақжай бөлмесі бар. Әйтеуір қиын жағдайдан аман шыққанымызға шүкір етіп, ас беріп жатырмыз. Барлығы оң болсын, - дейді су жаңа баспанаға қолы жеткен Ғалымжанның әйелі қуанышын жасыра алмай.
Қурайлы ауылы Ақтөбенің іргесінде орналасқан. Бұрынғы Махамбет ауылынан алыс емес. Бүгінде жаңадан салынып жатқан үйлерге су жеткізу мекемесі құбырлар тартып беріп жатыр. Энергетикер электр бағандарын тартып, сым жүргізіп берді. Газ шаруашылығы да қарап қалмай, көгілдір отынмен қамтамаксыз етуге дайын отыр.