Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша Теміржолшылардың жұмыс орнын  жақсарту, еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, қолайлы орта қалыптастыру бағытында Семейде бірқатар шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, бөлімшеге қарасты Семей, Жаңасемей, Аягөз, Шар, Дегелең станциялары бойынша қауіпсіздік өткелдерін салу ісі бастау алды. Мұндай шара бұрын-соңды кең көлемде орын алмаған. Вагон паркі ауқымды станциялар бойынша қауіпсіз өтпелер салу ісі бөлімше басшысының   бастамасымен қолға алынып, тікелей қадағалауымен жүргізіліп жатыр. Бұл орайда Семей станциясы бойынша – 400, Жаңасемей – 914, Шар – 190, Аягөз – 245, Дегелең станциясы бойынша – 500 метр жерге арнайы бетон құйылып, желі бойын жиектей өтпелер салынуда.  Семей станциясының теміржолшылары қазіргі күннің өзінде жоспарды аяқтауға жақын, ал Жаңасемейде енді қолға алынды. Сол тәрізді Шар станциясында да парк ортасынан дәл осындай жол салынбақ. Вокзал перронын қауіпсіздік қосындары, жылыну үйшіктерімен және станция ғимараттарымен жалғайтын мұндай өтпелердің берері мол көрінеді. Бірінші кезекте бейсауыт жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерлерді кесіп өтпеуіне жағдай туғызады. Әрі теміржолшылардың өздері үшін де қызмет барысында қолайлылық береді. Түптеп келгенде локомотивтердің шұғыл тежелуінің де алдын алады. Тоқтала кетсек, ағымдағы жылдың бес айында 54 оқиға орын алып, 2 тонна 700 келінің дизельдік жанармайы шығын болыпты. Берік цементтен құйылған аталмыш өтпежолдар қол арбалы адам немесе екі кісі қатар жүре алатындай кең. Желі бойынан аулақтау және айналаны бағдарлауға мол мүмкіндік береді. Яғни, қала ішін көктей өтетін желі бойларындағы оқыс оқиғалардың алдын алады. Аталмыш бағыттағы жұмыстар теміржолшылардың өз күштерімен, бөлімшеге қарасты жергілікті мекемелердің материалдары есебінен жүзеге асуда.

Қуаныш Қожаев, Семей