Атырауда белсенді жастардың басын қосқан «Бірлестік» атты спорттық-эстафеталық ойындар жарысы өтті. Бес команда бақ сынасқан жарыста Атырау теміржолшыларының  командасы үшінші орынға ие болды. Қала жастары арасында салауатты өмір салтын ұстану, жастардың назарын  денсаулық сақтауға бағыттау, әр саладағы жастардың бір-бірімен достығын нығайту, жастыққа тән күш-қайрат, жігер, жеңіл қозғалысты болып, керемет көңіл-күйде жүру секілді жақсы қасиеттердің адам бойында қалыптасуын көздеген мақсатта өткізілген жарыс өте қызықты өтті. Спорттық-эстафеталық ойынды көруге келген көрермендер бес команданы өзара бөлісіп, жанкүйер болып атойлағанын көрудің өзі ғанибет. Үш ер, үш қыз болып құралған әр команда, аяққа қапшық киіп адымдап секіруден, обруч ішінде екі адам болып секіру, газон үстінде ағаш шаңғымен жүру, бос шөлмектерді басқа оралған түйіншек арқылы ұрып сұлату секілді қызықты ойынмен елітіп, ұмытылмас көңіл-күй сыйлады.  Спорттық-эстафеталық ойын қортындысында І жүлделі орынды «Fircroft» командасы, ІІ орынды «Атырау Аэропорт» командасы иеленді. Ал, ІІІ орынды «Атырау теміржол бөлімшесі» мен «Транстелеком» командалары бөлісіп, IV орынды «Тасқала жастар қанаты» командасы қанжығасына байлады.

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау