Ақтөбе теміржолшылары  осы күнге дейін спорт залдарын жалға алып келген болатын. Керек кезде қаладағы оқу орындарының спорт залдарына «құда түсіп» отыратын. Енді, теміржолшылардың өз спорт алаңы бар... Спорт алаңының  ашылу салтанатына бірнеше мекеме басшысы қатысып, теміржолшылар қауымына құтты болсын айтып, алдағы уақытта мұнда түрлі деңгейдегі спорттық шаралардың көптеп ұйымдастырылатынына сенім білдірді. Жазғы «Теміржол Ақтөбе» спорт алаңы «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі Батыс филиалының мұрындық болуымен, теміржол мекемелері кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен ашылып отыр. Спорт алаңының ашылуына орай «Қазпрофтранс» ұйымының 25 жылдығы құрметіне  футболдан турнир ұйымдастырылды. Әр бөлімшеден келген команда басшылары ту көтеріп, мемлекеттік гимн ойналды. Жаңа алаңның жаңа қақпасына алғашқы доп соғылды... Алдағы уақытта мұнда теміржол мекемелері кезектесіп, кестемен келе алады. Әрине, ендігі жерде спорт алаңын пайдалану теміржол мекемелері үшін тегін болмақ.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе