Қуаныш Қожаев, Семей
Көмір тасымалын арттырмақ
1 мин чтения
Семей теміржолының аймақ бойынша ең ірі клиенттік әріптесі саналатын «Қаражыра Ltd» ЖШС таяу жылдар аралығындағы жоспар ауқымын кеңейтті.
Республика бойынша ең ірі саналатын көмір кенішінің басшылығы биылғы жылдан бастап көмір тасымалын арттырып, жылына 7-10 млн тоннаға дейін жеткізбек.
Қазіргі күні толық қуатына енген, байтақ еліміз бойынша әлеуетті компанияға айналған «Қаражыра Ltd» ЖШС Семей әріптестік қатынастары аясын кеңейтуде. Кеніш орны ашылған 1991 жылдан бері 95 млн тонна көмір өндірілсе, соның жылына 6,0 млн тоннадан астамы тек теміржолмен тасымалданады екен. Ағымдағы жылдың бес айының көрсеткіші бойынша бөлімшеде көмір тиеу мен жеткізу ісінің ұлғаюы айқын байқалады.
–Жасыратыны жоқ, осыған дейін жаздың алғашқы айларында қатты отынның тасымал қарқынының азаюы байқалатын. Бір бағытқа жөнелтетін 62 вагонды жасақтау қиынға түсетін. Ал, қазіргі күні бұл көрсеткіш екі есеге дейін артып отыр, жұмыс та көбейді, – дейді бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев.
Соңғы екі ай бойынша Дегелең станциясынан республикамыздың түкпір-түкпіріне көмір тиеп ағылатын жылжымалы құрамдар саны күрт артқан. Сонымен қатар, локомотив тартымдылығы жоғарылап, оның есебінен де табыс еселене түскен. Анық айтқанда, қазіргі күні семейлік теміржолшылар көмір тасымалы бойынша бұрынғы жылдармен салыстырғанда ең жоғарғы мөлшерде жұмыс жасауда.