Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Жұмыс кестесі ауысты
2 мин чтения
Оңтүстікте бірнеше күннен бері ауа райы +40 градус ыстық болып тұр. Мұндайда рельс бойы балқитындықтан, жолшылар жұмысқа таңғы салқында шығады.
Ірілендірілген Арыс жол дистанциясына қарасты Түркістан теліміндегі 31 айналым жолының аға жол шебері Махмұт Минамуддинов таңғы алтыда телім басына шығатынын айтуда. Бұйрыққа сай жұмыс күні 8-де басталғанымен, ерте салқында атқарылған жұмыс өнімді болмақ, әрі күн ыстықта жұмыс істеу мүмкін емес. Рельстерді көтеріп, астындағы шпалды ауыстыру жұмыстары таңғы 6 мен 9 арасында атқарады. Себебі, күннің қызуы 25 градустан асқанда рельске тиіспеу керек. Кешкі 5-ке дейін болттарын бекітіп, шөп жұлып, тасы азайған бос шпалдардың арасын толтырады.
– Шымкент – Черноводск арасындағы 10 км тақ және жұп жолды қосқандағы 20 км жолға қараймыз. 17 бағыттағыш бұрма бар. Күн ыстықта түйіспесіз жолдарды түртуге болмайды. Таңғы сегізден кешкі 5-6 шамасына дейін телім басында жүреміз. Сағат 9.30-ға дейін 14 жолшымен бірлесіп рельсті орнына жылжытып, тасын толықтырып қайта саламыз. Одан кейін жеңіл-желпі жұмыстарды атқарамыз. Аптап ыстықта шыжыған күннің астында жүрген денсаулыққа да зиян. Өткен жылғы жаз айларында +35 градуста бес сағаттан аса жұмыс істеген жолшыға қосымша өтемақы төленген. Биыл да қолға алынар деген ойдамыз, –дейді Шымкент жол дистанциясына қарасты аталған телімнің аға жол шебері Қайрат Жоланов.