Көлік қызметкерлері күні – кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Көліктік-логистикалық кешеннің тұрақты дамуы еуразиялық трансқұрлықтық дәлізде Қазақстанның транзиттік мемлекет ретіндегі позициясын бекемдей түсуде. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен теміржол және автокөлік жолдары салынып, жаңғыртылуда. Каспий айдынындағы қатысуымыз кеңейе түсуде. Жүктерді шоғырландыру орталықтары пайдалануға берілуде. «Қазақстан темір жолы» компаниясы мультимодальдық көлік операторы ретінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Биылғы жылы отандық көлік жүйесінің бәсекелестікке сәйкестігін көтеріп қана қоймай, Астанада заманауи үлгідегі «Нұрлы жол» вокзалы кешені мен халықаралық әуежайда жаңа терминалды пайдалануға бердік. Құрметті әріптестер! Саланың дамуына қосып отырған сүбелі үлестеріңіз үшін әрқайсыңызға алғыс айтамын. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» стратегиялық тапсырмаларды абыроймен атқаруда. Әсіресе, өзінің өмірлік ұстанымы мен теміржолдағы мол тәжірибесімен қызметін жаңа бастап жатқан жастарға үлгі-өнеге болып отырған ардагерлерге алғысым шексіз. Баршаларыңызды  кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, жаңа істерде табысты болуларыңызға тілектестік білдіремін!                    

 Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

 президенті