Арсен Байзақ, Жамбыл
Жігітке жеті өнер де аз
2 мин чтения
Жамбылда Көлік қызметкерлері күніне және Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су жолы қызметкерлерінің кәсіби одағының 25 жылдық мерейтойына арналған спорттық шара өтті.
Волейбол жарысында шапшаңдық пен ептілік танытқан Жамбыл станциясының жігіттері бірінші орыннан табылса, Жамбыл қалпына келтіру пойызының командасы мен локомотив пайдалану депосының ойыншылары өзара екінші және үшінші орындарды бөлісті. Ал шағын футболда Тараз локомотив жөндеу депосының ойыншылары бас жүлдені иеленіп, локомотившілер екінші орынды, байланысшылар үшінші орынды еншіледі. Жекелеген ойындарда, дарстан Жамбыл вагон пайдалану депосының қызметкері А.Швалев жеңімпаз атанса, Жамбыл локомотив пайдалану депосының жұмысшысы А.Ысқақов екінші, Жамбыл қалпына келтіру пойызының жұмысшысы М.Орынбаев үшінші орын иеленді. Үстел теннисінде Жамбыл оқыту орталығының маманы В.Белоногов бірінші, «ЖамбылРемСервис» ЖШС ардагері Р.Өтешов екінші, Жамбыл жол дистанциясының ардагері Р.Нұрекеев үшінші орынды иеленді.
Бұл спорттық шаралар мереке күні де жалғасын тауып, оған қатысушы теміржолшылардың қарасы мол болды. Арқан тартуда Жамбыл вагон пайдалану депосының жігіттері басымдық танытып, бірінші, «ЖамбылРемСервис» ЖШС екінші, Жамбыл өртке қарсы қызметі жасағының сарбаздары үшінші орынды иеленді. Ойшылдардың ойыны шахматта Тараз локомотив жөндеу депосының қызметкері А.Бекбердиевке тең келетін ешкім болмады. Ал Жамбыл вагон пайдалану депосының жұмысшысы В.Соколов екінші, Жамбыл байланыс және белгі беру дистанциясының жұмысшысы Ю.Дзюба үшінші орыннан көрінді. Кір тасын көтеруде Жамбыл вагон пайдалану депосының жұмыскері А.Швелев бірінші, Тараз локомотив жөндеу депосының жұмысшысы М.Қуантқан екінші, Жамбыл вагон пайдалану депосының жұмысшысы Н.Шаншар үшінші орынды алды. Қол күресінде Жамбыл байланыс және белгі беру дистанциясының жұмысшысы Д.Ботов бірінші, Жамбыл вагон пайдалану депосының жұмысшысы Н.Шаншар екінші, Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясының жұмысшысы Б.Қамбарбеков үшінші орынды иеленді.