Жаз айлары – сала мекемелерінің  инфрақұрылым  жағдайын барлап, олардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін жамап-жасқап, жөндеуден өткізіп, кем-кетігін түзеуге  мүмкіндік беретін жыл мезгілі. Оның бір мысалын, Теміржолжылу – Атырау мекемесінен көрдік.    «Теміржолжылу – Атырау» ЖШС  осы жылға жоспарланған жұмыстарын бекітілген кесте бойынша жүргізіп жатыр.  Атырау және Ақжайық станцияларында 151 м жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтті. Барлық 4 жылу қазандарында – қазандарды жөндеу, тазалау, сынақтан өткізу, су сорғыш құралдарын жөндеу, дайындау жұмыстары жүргізіліп, 1-ші қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. – «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы бойынша биылғы жылы Сағыз станциясында су сорғыш станциясының шеберханасын және гараждарын күрделі жөндеу жұмыстары серіктестіктің өз қаражатымен және жұмысшыларының күшімен жүргізіп отыр. Барлық жұмыс 1-ші қыркүйекке дейін аяқталады, – дейді «Теміржолжылу – Атырау»  ЖШС-нің директоры Аралбай Қосымбаев.       Бұдан өзге  «Темiржолжылу – Атырау» ЖШС-нің 2017 жылғы жоспарланған бюджетіне сәйкес қызметкерлермен және олардың балаларына емделуге және демалуға бөлінген қаражат мөлшері 382,0 мың теңге және шипажай сауықтыру бойынша 493,0 мың теңге бөлінген. Соған сәйкес 7-14 жас аралығындағы  балалар Ақтөбедегі  «Ақбөбек» балалар сауықтыру орталығында демалса,  6 қызметкер Сарыағашта  ем алған.  

Тұрсын ҚАЛИМОВА

АТЫРАУ