Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Таланттар өз ортасызда
2 мин чтения
Ақтөбе теміржолының басшылығы мерекелік шараларда өнер көрсететін таланттарды теміржолшылар қатарынан іздей бастады. Нәтижесінде, соңғы салтанатты жиындарда бұрынғыдай кәсіби әншілер шақырылмай, теміржолшы жастар сахнаға шыға бастады.
Мәселен, таяуда атап өтілген теміржолшылар күнінде ән айтып, би билейтін, домбыра тартып, күй ойнайтындар бөлімшеге қарасты станциялардан арнайы шақыртылған.
«Әдетте, Ақтөбеде өтетін салтанатты шараларға кәсіби әншілер мен бишілерді облыстық филармониядан шақыратынбыз. Соңғы жылдары, өздеріңіз білесіздер, оның барлығы артық шығын. Бір жағынан қарасаңыз, жол бойында таныла алмай жүрген талантты жастардың бар екені туралы жиі естіп жатамыз. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, неге соларды шаршы топқа тартпасқа деп ойладық. Оларды жинап, өнерлерін тыңдап, іріктеу жүргіздік. Тіпті, студияға ән жаздыруға көмектестік. Кейбіреулері кәсіби әншілерден еш кем емес», – дейді кадрлар бөлімінің персонал бойынша менеджері Гүлжан Әбдіқұлова.
Алғаш рет әріптестерінің алдында өнер көрсеткен жастардың бірі Қандыағаш электрмен жабдықтау дистанциясының қызметкері Алтай Мұханбетжанов алыс станцияларда тұратын өнерлі жастардың басын қосқан бұл бастамаға әбден риза.
«Теміржолшылар күніне Әйтеке би, Хромтау станцияларынан келген жастармен топ болып өнер көрсеттік. Жалпы, Қандыағашта өз мекемемізде қоғамдық шараларға бұрыннан атсалысып келемін. Бірақ бұл іріктеу бізді бір саты жоғары көтеріп, кәсібилікке жақындатты», – дейді ол.
Теміржолшылар арасынан өнерпаздарды іріктеу кезінде жүк тасымалы бөлімшесі кадрлар бөлімінің басшысы Үміт Дәуленова мен магистральдық желі бөлімшесі кадрлар бөлімінің басшысы Айша Қалағанова қазылық етті.