"Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының батыс өңіріндегі қызметкерлері арасында өткен V Спартакиаданың аумақтық іріктеу ойындары мәресіне жетті. Онда Маңғыстау теміржолшылары спорттың алты түрінен жеңімпаз болып танылды. Екі күн бойына түрлі саланың өкілдері арасындағы тартысты бәсекеге толы өткен жарыс спорттың жеті түрі бойынша өрбіді. Соның жетеуіне де жоғары белсенділікпен қатысқан маңғыстаулық теміржолшылар алтауынан жүлделі орын алып, суперфинал жолдамасына ие болды. Олар Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі мен Маңғыстау магистральдық  желі бөлімшесінің командалары және жеке ойыншылары. Жасы да, жасамысы да бар, спартакиадаға барлығы жетпіс теміржолшы қатысты.   Жарыс нәтижесінде волейболшылар мен киберспортына қатысушылар сегіз команда арасында 3-орынға ие болса, стритболдан теміржолшылардың қоржыны 3,4 орындармен толықты. Армреслингтен ер азаматтардың қанжығасы 2-орынмен майланса,  әйелдер  еншісіне бір 2-орын мен екі 3-орын бұйырды. Жүлделі орындарды Абылай Жексенбаев, Ботакөз Жұмағалиева, Айгүл Аяпова, Меруерт Сүлейменовалар  алды. Үстел теннисінен финалға шығуға лайықты ойын көрсеткен Ләззат Сисенова болды. Бәрінен де шахматшы қыздар асып түсті. Шебер ойын өрнегін көрсеткен  Шолпан Валиева 1-орынға ие болса, Сәуле Жұмаханова 3-орынды қанағат тұтты.   – Биыл Спартакиада тарихында болмаған жаңалық енгізілді. Ойындардың қатарына киберспорт қосылды. Заман дамыған сайын мекемелердің базасына хакерлік, кибер шабуылдары болып тұрады. Сондықтан оған төтеп беру үшін ойлап табылған спорт түрін теміржолшылар арасында дамытуға  ерекше назар аударудамыз. Бүгін 12 адамды дайындап келдік. Олардың жаттығуы үшін "АриZona" клубынан мүмкіндік берілді, жұмыстан уақыт бөлінді, – дейді Маңғыстау теміржолының спорт нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова.      

Шахида Жұман,

Маңғыстау