Шахида Жұман, Маңғыстау
Елордада өткен екі күн
1 мин чтения
Әлем назарын аудартқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалауға маңғыстаулық теміржолшылардың балалары да Елордаға сапар шегіп, естен кетпес екі күн өткізді.
Астанаға бару құрметі кез-келгенге бұйырмапты, маңызды шараға қатысып, халықаралық көрмемен қатар астанамыздың сұлу көркін тамашалау оқуда озат, өнер мен спортқа бейім, дарынды және аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан балаларға бұйырған. Оларға мұндай мүмкіндікті теміржол кәсіподағы сыйлап отыр.
– ЭКСПО-ны көрсетуге алыс-жақын разъездерден, ең талантты, ең білгір, ең-ең... деген 32 жас жеткіншекті таңдап алдық. Сапарымыздың бірінші күні Президент музейінде болдық. Ұлттық мұражайды аралаттық. Қазақстан темір жолының бас ғимаратына барып, теміржолшылар мұражайымен таныстық. Жас саяхатшыларды Жүк тасымалы филиалы кәсіподағының төрағасы Ермек Төлегенов күтіп алып, арман-тілектерін тыңдап, сыйлықтар тарту етті. Ал екінші күнді ЭКСПО алаңдарын аралауға жұмсадық. Онда балалар түрлі елдер туралы қызықты, әр алуан деректермен танысып, энергия үнемдеу құрылғылары жайында көп мағлұмат алды, – дейді көңілді сапарға жетекшілік еткен Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподағының төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов.
Сондай-ақ «Думан» орталығын, түнгі Астананы тамашалап, әбден қызыққа кенелген балалар сапары Маңғыстау облысынынң Астанадағы күндері аясында өткенін айтып өтейік.