Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры, «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманкелді Арысбаев округ тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында бөлімше басшысы Елбасының биылғы Жолдаудағы тапсырмаларына, оның мәні мен маңыздылығына, алға қойған мақсаты мен міндеттеріне кеңінен тоқталды. Жолдаудағы міндеттерді орындауда жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып округ тұрғындарының тұрмыстық жағдайына байланысты мәселелерін тыңдап, тыныс тіршілігіне қатысты жылдар бойы жинақталған проблемаларымен бөлісуге келген тұрғындарды жеке-жеке тыңдады. Әрине, әлеуметтік-экономикалық салада шешімін табуды қажет ететін проблемалар аз болмады. Мәселен қабылдауға келген тұрғындар қаланың мөлтек аудандарынан мектепке қатынайтын қоғамдық автокөліктер автотұрақтарын ретке келтіру, тұрмысқа қатысты ауыз судың дұрыс мөлшерде берілуі, істен шығып тұрған көшедегі жарықты қалпына келтіру секілді әлеуметтік тұрғыдағы ұсыныс-пікірлерін бөлімше басшысы әрі халық қалаулысы Аманкелді Қонысбайұлына жеткізді. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталып, хатталды. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс атқаратынын, шешімін таппай отырған тұрғындардың мәселелерін жергілікті басқару органдарына ұсыныс, талаптар жолдап, оны қадағалайтынын жеткізді  сайлаушыларына  бөлімше басшысы.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда