Көлік қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында «Үздік маман» белгісімен марапатталған  Қалдыгүл Күмісбаева Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің тасымалды ұйымдастыру және шарттар бөлімінің жетекші инженері. Отыз үш жылдан бері теміржол саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан Қалдыгүл Серікбайқызы талай жасты теміржолшы маандығына баулып,  тәрбиелеп шығарған ұстаз ретінде де танымал. Жас маманның техникалық құжаттама жұмысына берік болуына жоғары талап қойып, олардың өз кәсібінде жауапкершілікпен қарауына дағдыландыратын Үздік маманның тәрбие мектебінен түлеп ұшқан шәкірттері бүгінде әр қиырда еңбек етіп жүрсе де тәлімгерлерін ұмытпай, әлі күнге сырттай «техсабақтан» дәріс алып, хабарласып тұратын көрінеді. Қалдыгүлдің жолдасы Жарқынбек Рсымбетов – бөлімшенің техникалық бөлімін басқарып отырған Құрметті теміржолшы. Алматы теміржол институтында оқып жүріп танысып, бас қосқан қос теміржолшы үш бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде теміржолшылар отбасынан шыққан ол балалар да әке-шешесінің жолымен осы салаға бет бұруда. Мерекеге орай еңбегі еленіп, марапат алған маманды құттықтап, қошемет көрсеткендер қатарында біз де болып, қуанышты көңіл-күйде тұрған жанның лебізін тыңдап едік. –Теміржолшы болу – кешегі кеңес кезінде теміржол станциясында, теміржол мектебінде оқыған әрбір баланың арманы болғаны анық. Кезінде теміржол бойындағы мектепті бітірген біздің кластың тоғыз баласы әке-шешелеріміз секілді теміржолшы болуды мақсат етіп Алматыға жол тарттық. Жолым болып сол жылы оқуға қабылданған екі баланың бірі болып студент атандым. Білім қуалаған бес жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығып, 1984 жылы институтты  бітірдім. Жолдасым екеуміз қол ұстасып елге оралдық.  Содан бері міне, бәрі күні кеше секілді еді, содан бері, міне 33 жыл уақыт өтіпті... –дейді Қалдыгүл Серікбайқызы таңданысын жасыра алмай.

Сабырхан НӘДІРБАЙ, Қызылорда