Қуаныш Қожаев, Аягөз
Қауіпсіздік үшін күрес
2 мин чтения
Тасымал тасқыны жоғары Аякөз станциясында тәулік бойы қарбалас бір тынбайды. Елдің күнгейі мен Шығысын жалғайтын аймақтағы ең ірі тораптық станцияда қозғалыс қауіпсіздігі үшін күрес жүріп жатыр деуге болады...
Семей вагон пайдалану депосына қарасты Аягөз техникалық күтім бекетінің теміржолшылары бір келіп, бірі кетіп жатқан сеңдей соғысқан құрамаларды күндіз-түні тексеруде. Вагон қараушылардың қырағы жанарынан ештеңе қалыс қалмайды.
-Вагон шаруашылығындағы еңбек қарқыны әсіресе жылдың салқын маусымында, күз бен қыста жоғарылай түседі. Себебі, ауа райының қолайсыз күндерінде вагон ақаулықтары да жиілей түседі. Осынау кезеңде жұмысымызға, атқарылатын түрлі шараларға ерекше басымдық береміз, - дейді Аягөз станциясындағы техникалық күтім бекетінің өндірістік сабақ нұсқаушысы Дулат Бейсембаев.
Ия, қазіргі күні Аягөздегі вагон шаруашылығы аталмыш өңірдегі ең қауырт қызмет орнына жатады. Сондықтан, мұнда жүргізілетін шаралар арасында техникалық дәрістердің маңыздылығы зор. Бірінші кезекте аптасына үш-төрт рет жоспарлы техникалық дәрістер жүргізілсе, желі бойында да жоспардан тыс техсабақтар өткізіледі. Мұнымен қатар, пойыз қозғалысы қауіпсіздігін сақтауда мекеме басшыларымен техникалық сабақ нұсқаушылары бірлесіп күндіз-түні тексерулер жүргізіледі. Бұл шаралар әсіресе мерекелік демалыс күндері және айлықтар мен акциялар аясында тым күшейтіле түседі екен.
Қазіргі күні Таңсық станциясы мен Шар арасында жүзге таяу вагон қараушысы бар екен. Бұл тым аз көрсеткіш. Мамандардың жетіспеушілігі айқын байқалады. Мәселен, Аягөз станциясының өз басында 24 теміржолшы вагондарға тексеру жүргізіп, күндіз-түні қырағылық танытуы керек. Бір ауысымдағы төрт-бес адам барлығына үлгеруі тиіс. Аякөз өңіріндегі аталмыш қызметтің ауырлығын, жауапкершілігінің аса жоғары екендігін осыдан-ақ бағамдауға болады. Әйтседе, өңірдегі вагон шаруашылығына қызметке келе бастаған жас буын жұмысты жеңілдетуге септігін тигізуде. Қазіргі күні өңір бойынша вагон қарушыларының 40 пайызын жастар құрайды екен.
Қалай десек те, жұмыс күшінің шектеулілігіне қарамастан аякөздік вагоншылар қозғалыс қауіпсіздігі үшін күресте жұмыла еңбек етіп, айтарлықтай нұқсан келтіретін ақаулықтарға жол бермеуде. Соңғы жылдары төрт бірдей Құрметті теміржолшы шыққа аягөздік вагоншылар қандай қиындықты да жеңетіндеріне нық сенімді.