Есімдері ескерткішке ойылып жазылып, ел ісінде мәңгі қалған теміржолшы-майдангерлерге арналған аспан асты мұражайы теміржол мекемелерінің көбінеде бар.  Жалынды жастық шағын оқ пен от астында өткізген, туған елмен қауышуды тағдырына жазбаған кешегі теміржолшы майдангерлерге және сұрапыл соғыстан елге аман-сау оралып аймақ теміржолында ерлік пен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерлерге Қызылорда локомотив пайдалану  депосы мен Қызылорда жол дистанциясы ауласында ашылған аспан асты музейі мен мемориалды-ескерткіштер маңын шөп-шаламдардан тазартып, демалыс орындарын аббаттандырып сенбілік ұйымдастыру қос мекеменің теміржолшылары үшін парыз саналады. Осы мақсатта сенбілік ұйымдастырған қос мекеме теміржолшылары таңертеңнен қолдарына сыпырғыш пен күрек-тырмасын  алып, ескерткіштердің шаң-тозаңнан сүртіп тазартып, әрлеу-сырлау жұмыстарын жасап жаңа кейіпке келтіріп, маңын арам шөптен арылтып, қоқыстарды шығарды.   Келешек ұрпаққа баянды болашақ сыйлау жолында саналы ғұмырларын сарп еткен теміржолшылар ескерткішін жаңғырту мақсатында өткізілген  сенбілікке  «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Базара Танбаева бастаған «Теміржол» филиалының белсенділері де өз үлестерін қосып, тазарту жұмыстарына атсалысты.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда