Қуаныш Қожаев, Семей
Баталы тілек білдірді
1 мин чтения
Семей ЖТ бөлімшесі басшылығы мен салалық кәсіподақ ұйымы Халықаралық Қарттар күніне орай қалалық мәдениет сарайында арнайы кеш өткізді.
Мерекелік кешке сала ардагерлері, Құрметті теміржолшылар, қазыналы қариялар қауымы көп жиналды. Кеште сөз алған Сала кәсіподағының Семей өңірі бойынша өкілі Алик Досанов қарттарға ізгі тілегін білдіріп, осы кезеңге дейінгі аралықта ұлттық компания тарапынан сала ардагерлеріне жасалынып жатқан қамқорлық-көмекке тоқталып өтіп, мұндай мерекелік шаралардың алдағы уақыттарда жаңа қырынан көрініс табатынын жеткізді. Сонымен қатар, дәл қазіргі сәтте қызмет талабына орай астаналық комиссия өкілдерімен бірге жүрген бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлының құттықтау тілегін де жеткізіп өтті.
Осыдан соң мерекелік кеш барысы қариялар үшін арнайы әзірленген концерттік бағдарламамен әсерлі жалғастық тапты. Ә.Қашаубаев атындағы қалалық филармония әртістері әзірлеген ән мен би негізінен бүгінгі қарттардың жастық шағын еске түсірер ретро туындыларға арналыпты. Кеш соңында ардагерлер қауымы аталмыш шараға ұйытқы болған кәсіподақ ұйымы мен бөлімше басшылығына баталы тілек пен ақжарма алғыстарын жаудырып жатты.