Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Үздік әзілімен тәнтті етті
1 мин чтения
«ҚТЖ» ҰК» қарасты оңтүстік аймақтағы теміржол бөлімшелері жастарының КТК ойындары аймақаралық лигасының V фестивалінде Қызылорда ЖТ бөлімшесінің «Екі сызық» командасы төрт құрама команда арасынан жүлделі екінші орынды және ойының «ең үздік әзілі» аталымын иеленді.
– Алматы қаласында қыркүйек айының соңында М.Тынышпаев атындағы академия қабырғасында өткен додада біздің «Екі сызық» командасы тараздықтарға есе жіберіп, екінші орынды қанжығалады. Команда құрамында 5 ұл, 2 қыз бар. Команда мүшелері КТК ойындарына бұған дейін де қатысқан әзілкештер болатын. Біздерге сәл сәттілік жетіспеді. Жалпы еліміздегі сала жастарының басын қосып өткізілетін осындай КТК ойындары, жастар семинар-тренигтері, жастар лагері секілді шаралар болсын біздерді әр аймақтан жиып, бір-бірімізді жақын танып араласуымызға, білмегенімізді үйреніп тәжірибе алмасуымызға көмегін тигізуде, – деп пікірін білдірді команда капитаны Ернар Зейнуллаев.
Оның айтуынша, КТК ойыны үш кезеңдік сыннан құралған. Біріншісі, «Менің аймағым – Менің Қазақстаным», екіншісі «Биатлон», үшіншісі «Біз болашақтың энергиясы – күшіміз» тақырыптық кезеңдерінде теміржолдың жайдарман жастары өз өнерлерін сарапқа салып, тапқырлығымен, ұшқыр ой, көңілді әзілдерімен жеңіс шыңына шығуға тырысып бағыпты.