Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Көктеректен жаңа цех ашылды
1 мин чтения
Шымкент жол бөлімшесінің Көктерек бекетінен жарты жылда 34 500 тонна, яғни 500 вагоннан аса жүк тиелген. Оның 470 вагон қиыршық тасы Қызылсайдағы «Стандарт Цемент» ЖШС жіберілген.
– Жақында асфальт жолға қажетті минералды ұнтақ шығаратын шағын зауыт бой көтерді. Өндірісін енді бастаған «Үміт СД» ЖШС алғашқы 30 вагон ұнтағын Алматыдағы асфальт, бетон шығаратын кәсіпорынға жіберді, – дейді станцияға басшылыққа келгеніне бір ай болған Қуаныш Оралұлы.
Көктеректе негізінен қиыршық тас пен әктас өндіріледі. Екі жыл бұрын «Стандарт цемент» зауытына 1000 мен 800 вагонның арасында қиыршық тас артылып тұрған. Кейін зауыт өнімді Меңлібай бекеті арқылы көлемді тасымалдайтын болғандықтан, бекеттегі жүк айналым саябырсып қалған. Бекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда күн сайын 15 вагон тас Қызылсайға кетіп тұрады екен. Жаңа цех болса күн сайын 1 вагон ұнтағын жөнелтуде. Үш станция кезекшісі мен бір тауар кассирі Көктеректегі тасымалды реттеп, қозғалыс қауіпсіздігін сақтап отырады.