Алыс-жақын шел елдер қызыға да қызғана да қарайтын Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, жоспарлағандай көрші елдерге де жіберіле бастады.  Рельс өнімдері Қазақстаннан өзге Өзбекстан мен Белоруссия темір жолдарына жөнелтілуде. Өзбектің Ахангара станциясына жыл басынан бері 330 тонна рельс жіберілген. Ал осы елдің Чукурсай станциясы да Ақтөбеден 2534 тонна, Беларусь темір жолының Муляровка станциясы 110 тонна рельс алдыртыпты. Ал, ішкі нарыққа келетін болсақ, биылғы жылдың он айында  отандық рельс өнімдері Қазақстанның 10-нан астам станциясына тиелген. Айталық, Екібастұз-II станциясына 10 айда 2531 тонна,  Железорудная станциясына 1546 тонна, Құрық порт станциясына 993 тонна, Түркістан станциясына 42 тонна, Арыстансор станциясына 62 тонна, Дөң станциясына 130 тонна, Ақсу-1 станциясына 12 тонна, Павлодар – Южный станциясына 54 тонна, Дегелең станциясына 551 тонна рельс жөнелтілген.  Бір ғана  Защита станциясына қазан тек айында 6 платформамен 330 тонна рельс жөнелтілген, ал  жыл басынан бері мыңнан астам тонна өнім жіберілген.   Айта кетейік, отандық рельс өнімдері Ақтөбе іргесіндегі Қызғалдақты разъезі арқылы жөнелтіледі. Қызғалдықтыда Ақтөбе рельсарқалық зауытының құрылысымен қатар қолға алынған күрделі қайта құру және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп,  қосымша жолдар салынып, ғимараттар салынып,  станцияда штат саны да ұлғайтылған.  Бүгінде Қызғалдақты разъезінде 20 адам еңбек етеді. 8 пойыз құрастырушы, 1 тауар кассирі, сигнал берушілер және жүк қабылдап-тапсыраушылар  бар. Тек қазан айында станция басынан 108 платформаға тиелген 6003 тонна рельс жолға шыққан. Ал, 10 айда 4,5 мыңға тарта вагон аттандырылған, бұл дегеніңіз 106 773 тонна.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе