Ерман Әбдиев, Жамбыл
Тепловоздан... өрт шықты
2 мин чтения
Жамбыл локомотив пайдалану депосының аумағында өртке қарсы оқу-жаттығу шаралары өтті. Оған Жамбыл өртке қарсы пойызының жасағы, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты мекемелер, локомотив депосының ұжымы қатысып, дайындықтарын пысықтады.
Алдын ала белгіленген аңыз бойынша, депо аумағындағы 2ТЭ10У №0294 тепловозына жанар-жағар май құю сәтінде өрт шығып, жедел Жамбыл өртке қарсы пойызының жасағына хабар беріледі. Аталған жасақ жеткенше депо еріктілері белгіленген нұсқаулыққа сай әрекет етіп, өрт сөндіруге кіріседі. Әскериленген темір жол күзетінің сарбаздары да өрт шыққан аумаққа бөтен тұлғалардың кірмеуін қатаң қадағалап, алдын алу шараларына кіріседі. Бұл аралықта өртке қарсы пойызы да келіп жасақ басшысының тапсырмасымен өрт сөндіру жұмысына кірісіп кетеді. Алдымен су шашылып, кейін тиісінше көбік төгіледі. Сөйтіп, өрт дер кезінде ауыздықталады.
– Мұндай депо аумағында оқу-жаттығу шараларын бірінші рет өткізіп тұрған жоқпыз. Алдымен құрылымдардың бірлесе жұмыс жасауы, өрттің алдын алуда нұсқаулыққа сәйкес әрекеттерінің дұрыс орындалуы назарға алынады. Алдымен өрт сөндіріліп, кейін оның шығу салдары талқыланады. Ол әрине әр мекеменің әрекетіне берілетін баға. Бүгінгі жаттығу шараларына «жақсы» деген баға қойылып отыр, – дейді өрт сөндіруге басшылық жасаған Марат Керімқұлов.
Айта кететіні, оқу жаттығу шарасына Жамбыл өртке қарсы пойызының жасағы жұмылдырылды. Өрт орын алған жерге жеткен пойыз 150 тонна су мен 5 тонна көбік жеткізілген.