Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Бас пошта экспедициясы бүгінде айына 18 мыңнан астам хат-хабар тасымалдап келеді. Одан өзге бандерольдар саны 400-ге жетіп жығылады. Сонымен бірге, күнделікті газет-журналдар мен техникалық, салалық әдебиеттер де теміржол поштасымен оқырманына жеткізіледі. Бас пошта экспедициясы басшысы Рахметулла Наукенов салалық басылымға экспедиция арқылы жазылатын оқырман саны артып жатқанын айтады. Бұрын ұлттық оператор қызметіне жүгінетін теміржолшылардың бүгінде өздерінің төл тасымалдаушысына сенім артып отырған жайы бар. «Бір айда шамамен 40 мың бірлік басылым жеткізген екенбіз. Жол бойындағы теміржол станцияларының барлығы біздің экспедиция арқылы газет-журнал алдыртып отыр. Әрі арзан, әрі жылдам. Ақпарат заманында тұтынушы қажеттілігін қанағаттандырып отырмыз», - дейді Рахметулла Наукенов.   Бүгінде пошта экспедициясында 27 экспедитор және 7 әкімшілік қызметкер жұмыс істейді. Кезінде 7-8 адаммен жұмысты бастап кеткен ұжым амандық болса, алдағы жылы құрылғандарына  20 жылдықтарын атап өтпек.

Асқар Ақтлеу, Актөбе