Ерман Әбдиев, Жамбыл
Ғасыр жасаған теміржолшы
2 мин чтения
Жамбылда Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ардагерлердің саны бүгінгі күні 60-тан асып жығылады. Сұрапыл соғыста от кешкен көзі тірі жауынгерлердің бірі қарт теміржолшы Тиморян Шаңғараев 100 жасқа толып отыр.
Күн санап қатары сиреген қазыналарымызды құрметтеу ұрпаққа парыз. Ұрпағымен ұлағатты тірліктің тынысын кеңейткен қарт сарбазды ғасырлық мерейтойымен Құрметті теміржолшы, ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынбек Ақшалов пен қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтап барды. Ғасыр жасаған ақсақал аяғын нық басып, қонақтарын қошеметпен қарсы алды. 1917 жылы Башқұртстанда туылып, 19 жасында әскер қатарына алынған сарбаз жеңіс туын көтеруге үлес қосқанын мақтан етеді. Соғыстан соң елге аман-есен оралып, Жамбыл вагон пайдалану депосында зейнетке шыққанға дейін табанды еңбек етеді.
– Әкеміз тоғыз перзент сүйіп, барлығымызды аяқтандыру үшін аянбай еңбек етті. Өзі өте еңбекқор, тіпті денсаулығы сыр берсе де дәрі-дәрмекке жүгінбейді. Осы жасына дейін ақ халаттылардың көмегіне зәру болған емес. Алайда, қазіргі кезде жүріп-тұруы қиындаған соң менің ұлым жайын жасап отыр, – деді қызы Дания. Алланың берген ұл-қызынан 42 немере, 27 шөбере сүйген ақсақалдың арманы да ұрпағының амандығы.
– Бүгінгі күні ЖТ-Жамбыл бөлімшесінде соғыс көрген 14 майдангерлер ғана қалды. Ең үлкені Тиморян ақсақал міне, бүгін ғасыр жасап отыр. Бақуат, денсаулығы жаман емес, шүкіршілік, – деген Сағымбек Әділбекұлы мерейтой иесіне арнайы дайындалған адресат табыс етіп, «Жүк тасымалы» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесі басшылығының атынан теледидар тарту етілді.