Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде «Атырау – Ақпарат» медиаорталығы мен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ –  ЖТ Атырау бөлімшесі  филиалының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру жолдарын талқығы салған   келелі басқосу болды.        Теміржолшылармен кездесуде  «Атырау – Ақпарат» медиаорталығына қарасты облыстық «Атырау» жәре «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторы мен орынбасары,  газеттің шолушы тілшілері қатысқан жиында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлтымыз үшін маңызды тақырыптар қозғалып, латын әліпбиіне көшу, оны қолданысқа енгізу мәселелері сөз болды.      Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Бауыржан Қартан сөз алып: «Елбасының бағдарламалық мақаласы – ұлттық мәселе. Сондықтан бұл мақала санасы сергек, болашақты ойлайтын азаматтардың барлығына өте түсінікті деп ойлаймын. Мақалада халыққа барлық мәселелер нақты түрде айтылған. Елбасы өз мақаласында бүгінге дейін елімізде саяси реформа, экономикалық даму мен өркендеу мәселесі айтылғанын, ендігі уақытта солардың негізгі ұстанымы – рух мәселесін көтеру керектігін айтады. Қазақты рухсыз елестету мүмкін емес. Дейтұрғанмен де әлемдегі жағдайларды сараптасақ, рухынан ажырап, әркімнің жетегіне кеткен ұлттарды, елді көз көріп отыр. Біз өзіміздің ұлттық қасиеттеріміз арқылы рухымызды жанып, руханияттан күш ала отырып, экономиканың дамуына атсалысу екпінімізден ажырамауымыз қажет», – деп Елбасы мақаласын насихаттап келген «Атырау – Ақпарат» медиаорталығы өкілдеріне ризашылықтарын білдірді. Атырау жүк тасымалының қозғалыс ревизоры Жексен Жетібаев,  «Қазтеміртранс» АҚ Атырау филиалының жетекші инженері Талғат Тілеуғалиевтар  Елбасы мақаласынан туындайтын маңызды бағдарламалық құжаттың орындалысына теміржолшылар да үлес қосатынын айтты. Жиын соңында «Атырау – Ақпарат» медиаорталық  басшылығы атынан Атырау жүк тасымалы бөлімше басшысы Б.Беркімбаевқа әріптестік хат табыс етілді.

Тұрсын ҚАЛИМОВА,

АТЫРАУ