Маңғыстау станциясында жолаушылар пойызындарында халыққа түрлі құқықтық мәселелер бойынша консультативтік көмек көрсету мақсатында "Бақытты отбасы - бақытты ел!" ұранымен "Сенім купесі-2017" акциясы ұйымдастырылды. Шара "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" халықаралық акциясына орай өткізілді. Оған Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімімен бірге "Нұр Отан" партиясы Мұнайлы аудандық филиалының, Маңғыстау көлік прокуратурасының, "Мейірім" кризистік орталығының өкілдері қатысты. Олар №377-378 "Маңғыстау-Алматы", №309-310 "Маңғыстау-Ақтөбе" пойыздарының штаб-вагондарында радио жүйесінен хабарлама беріліп, жолаушылармен сұқбат жүргізіліп, арнайы үнпарақтар таратты. "Маңғыстау-Ақтөбе" пойызының №8 вагонындағы әйелдермен әңгімелесу барысында атын атамауды өтінген жолаушылардың бірі өзінің 14 жастағы қызы бар екенін, өтпелі кезеңдегі жасөспірімнің біреулердің арбауына түсіп, шалыс қадам басуы мүмкін екенін ойлап алаңдайтынын жаырмады. - Өзім вахталық жұмыспен үйде көп бола бермеймін. Қызым қазіргі жасына байланысты қыдыруға, туған күнге, отырыстарға барғысы келеді. Тиым салсам, ренжіп: "Мама, қойыңызшы, жалғыз мен емес бәрі барады ғой» дейді. Сондықтан кәмелетке толмағандарға ондай шаралар өткізуге қатаң түрде шектеу қойылса, мен сияқты аналар қуанар еді,-деді.