Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Made in KAZAKSTAN
2 мин чтения
Азат Нұрберген – Ақтөбе рельсарқалық зауытының аға шебері. Отандық брендке айналған өнімді өз қолдарымен өндіріп отырғандарын мақтан тұтатын жастың бірі.
Ақтөбе өңірінде туып-өскен ол әлемдік деңгейдегі алып зауыттың басқа емес, өз туған жерінде ашылғанына шын қуанған. Сосын осы өндіріс орнында еңбек етіп, бүйірінде «Made in KAZAKSTAN» деген белгісі бар отандық рельсті шығаруға үлес қосуды армандады. Бірқатар сынақтан сүрінбей өтіп, зауыт табалдырығын аттаған жас маман алғашында ауысым шебері болды. Бүгінде дайын өнімді өңдеу-тиеу бөлімінде аға шебер.
–Күнделікті жұмысым осы алаңда басталады, – деді ол зауытқа саяхат жасаған бізге контейнерлер тұрған алаңды аралатып жүріп, рельстерді түрлі ұзындықта кесеміз. Тапсырыс берушінің сұранысы бойынша рельстерді дайындап, одан оалрды платформаларға тиеп жөнелтеміз. Бақылаушы өнім сапасын міндетті түрде қадағалап отырады. Негізінен 12,5 метр, 100 метрлік рельстер дайындалады. Жұмысым өзіме өте ұнайды, алдағы уақытта мамандығымды жетілдіру жоспарымда бар, – дейді отандық бренд өндіруші компания өкілі.
Азат Нұрбергеннің қарамағында 4 бригада бар. Олардың әрқайсысында 20-25 адамнан қызмет етеді. Бір ауысымда шамамен 500 тонна дайын өнім өндіреді.
–Қыркүйек айында фасонды прокат әзірледік. Зауыт өнімдерінің негізгі тұтынушысы «Қазақстан темір жолы» компаниясы әрине, бүгінгі таңда экспортқа да шықтық. Өзбекстан мен Украинаға жөнелтіп жатырмыз «Ресей темір жолдары» компаниясына да өнім жөнелту жоспарланып отыр, – дейді аға шебер.
Рельсарқалық зауытынан шыққан рельстер Алматы – Шу екінші жолдар құрылысына, басқа да жол төсек, күрделі жөндеулерге пайдаланылып жатқанын еске сала кетейік.